Танымал блогер қиын-қыстау заманда шешен мен ингуш халқына көмектескен қазақ халқына алғыс айтты (ВИДЕО)

Ол желідегі парақшасында арнайы видео әзірлеп, қазақ халқына ыстық ықыласын жеткізді

Танымал блогер қиын-қыстау заманда шешен мен ингуш халқына көмектескен қазақ халқына алғыс айтты (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Танымал блогер қиын-қыстау заманда шешен мен ингуш халқын құтқарып қалған қазақ халқына ерекше алғысын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде «Optoman» атауымен белгілі блогер Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы ингуш пен шешен халқының қазақ даласына жер аударылып келгенін, қазақ халқының көмегі жайлы әңгімелейді.

«1944 жылдың 23 ақпанында «Чечевица» операциясы кезінде чечендер мен ингуштер өз жерлерінен мәжбүрлі түрде қуылған. Оларға 20 минут уақыт беріп, ешнәрсе айтпастан, түсіндірместен, тауар тиейтін пойызға отырғызып, жер аударып жіберген. Қарттар, әйелдер, балалар. Бәрі кетті. Себебі бұл шешім бүтін бір халыққа қатысты болды. Апталап пойызда сусыз-тамақсыз келген. Көбісі шыдамай, жолда суықтан, аштықтан өліп жатты.

Апталап жүрген пойыздар соңында қазақ даласына келіп тоқтайды. Қазақ халқы онсызда соғыстан қиындық көріп жатқан еді. Өзгелерге көмектеспек тұрмақ, өз жандарын әрең бағып жүрген. Бірақ қазақ халқының адамгершілігі сол, жер аударылып келген біздің ата-бабамызды далаға тастаған жоқ, бір үзім нанын, аядай ғана үйін бөлісіп, тірі қалуымызға жәрдем берді

Қазақстан – біздің ата-бабаларымызды далада қалдырмай, керісінше қиын заманда пана болып, тірі қалуына көмек көрсеткен жер болды», – дейді блогер.