Астанада электрлі самокат мінетіндерге бақылау күшейді
Тәртіп сақшылары айыппұлдар мен жаңа талаптар туралы ескерту жасады
Елордада электрлі самокаттардың қатысуымен болатын жол апаты жиілеп кетті. Тәртіп сақшылары ереже бұзғандарға салынатын айыппұлдар мен жаңа талаптар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда қалада 10 мыңнан астам электрлі самокат бар, оның сегіз мыңы белсенді қолданыста. Алайда бұл көлік түрінің көбеюімен бірге құқық бұзушылықтар да артқан.
Жыл басынан бері электрлі самокаттың қатысуымен 45 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 50 адам түрлі жарақат алған.
Полиция подполковнигі Махамбет Төлешов пен Бауыржан Тоқжұмановтың айтуынша, самокат тізгіндегендер келесі ережелерді жиі елемейді:
1. Бір самокатқа екі адамның мінуі;
2. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде самокаттан түспеу;
3. Кәмелетке толмағандардың самокат айдауы.
Электрлі самокат мінетін адамдар ҚР «Жол жүрісі туралы» заңына сәйкес толыққанды қатысушы және заң алдында жауап береді.
Тәртіп бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің мына баптары бойынша жауапқа тартылады:
- 593-бап: жолаушы тасымалдау ережесін бұзу (бір самокатта екі адам жүру);
- 615-бап: жол қозғалысы ережелерін бұзу;
- 127-бап: кәмелетке толмағандар самокат айдаған жағдайда ата-аналарының жауапкершілігі.
Түнгі уақытта жарық шағылыстыратын элементтер мен қорғаныш дулығасын кию міндетті.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электрлі самокат қолданушылары мен операторлары үшін жаңа ережелер күшіне енеді. Операторлар самокатты басқару құқығы жоқ адамдарға бергені үшін жауапқа тартылады. Әр самокатқа мемлекеттік нөмір беріліп, есепке алынатын болады. Самокат айдаудың ең төменгі жасы 18 жас болып бекітіліп, жолдың жүру бөлігі арқылы жүру үшін жүргізуші куәлігі болуы міндеттеледі.