$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда электрлі самокаттарға қатысты жаңа ереже шықты

Енді оларға нөмірлер беріледі 

Қазақстанда электрлі самокаттарға қатысты жаңа ереже шықты
Фото: Freepik

Елімізде самокат тебу мәдениетін реттеудің кезекті кезеңі басталды. Ішкі істер министрлігі жалға берілетін электр самокаттарын ресми есепке алудың және оларға сәйкестендіру нөмірлерін берудің нақты ережесін бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тіркеуді кім іске асыруы керек?

Бұл талап жеке тұлғаларға емес, самокаттарды жалға берумен айналысатын кәсіпкерлер мен компанияларға бағытталған. Олар әрбір техниканың «төлқұжатын» жасап, оның техникалық күйін, жөндеу тарихын және сериялық нөмірін арнайы тізімде сақтауға тиіс.

Бірегей нөмірдің құрылымы

Әрбір самокатта жеке нөмір болады. Ол екі бөліктен тұрады:

Әріптік код. Әр компания өзіне тән бір латын әрпін таңдайды. Бұл әріп сол компанияның барлық паркі үшін ортақ болады. Мысалы, егер бір оператор «А» әрпін таңдаса, басқа бәсекелестері оны қолдана алмайды.

Сандық белгі. Әріптен кейін «00001»-ден басталатын бес таңбалы сан беріледі.

Егер самокат ескіріп, қолданыстан шығарылса, оның нөмірі істен шығады. Яғни, ол нөмірді жаңадан алынған басқа самокатқа тағуға тыйым салынады.

Нөмірдің көрінуі мен орналасуы

Тәртіп сақшылары мен бейнебақылау камераларына оңай көрінуі үшін нөмірлер үш жерге жапсырылады: артқы дөңгелектің қорғаныш қабатына, рөл бағанасының екі жағына.

Операторлар арасындағы келісім

Егер екі компания бір әріпке таласса, мәселе келіссөз арқылы шешіледі. Бір компания таңдаған әрпі туралы өзге әріптестеріне хабарлама жібереді. 5 күн ішінде ешкім қарсы болмаса, сол таңба ресми түрде оларға бекітіледі.

Қашаннан бастап күшіне енеді?

Жаңа ережелерді енгізуге дайындық үшін уақыт берілген. Бұйрық 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап ресми түрде қолданысқа енеді. Осы уақытқа дейін барлық жалға берушілер өз техникаларын жаңа стандартқа сай таңбалап үлгеруі қажет.

Еске салсақ, кейінгі уақытта электрлі самокаттарға байланысты тұрғындардың шағымы көбейген. Самокат тебушілердің жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары жиілеген.