Астанада көктем мен сұлулықты бейнелейтін жаңа мурал ашылды

Қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа арт-нысан таныстырылды

Астанада көктем мен сұлулықты бейнелейтін жаңа мурал ашылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы Сарайшық ауданында «Қыз өссе, елдің көркі» атты жаңа мурал пайда болды. Ол көктемгі жаңару мен қалалық ортаның дамуы тақырыбына арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Арт-нысан Қуанышбаев көшесі, 11/4 мекенжайындағы ғимараттың қасбетін безендірді. Композиция өңірдің мәдени болмысын және қала кеңістігіндегі маусымдық өзгерістерді бейнелейтін тұжырымдамада орындалған. Орталық образ ретінде гүлдермен көмкерілген қыз бейнесі алынған. Ол көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын және дала ландшафтының үйлесімін білдіреді.

Жұмыста композицияға ерекше мән берілген: кейіпкердің жанары көше мен LRT желісі бағытына қаратылған. Бұл қалалық инфрақұрылымның дамуын бақылау мен оң өзгерістерді күтудің метафорасы ретінде түсіндіріледі.

«Бұл мурал – жаңару, үміт пен үйлесімнің бейнесі. Ол табиғи циклдерді ғана емес, заманауи қалалық ортаның дамуын да көрсетеді», – делінген хабарламада.

Әкімдік мұндай жобаларды іске асыру елорда аудандарының эстетикалық тартымдылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Композицияның идея авторы әрі суретшісі – Темірлан Әбенов.