Астанада «Шуылдақ шыбын» инклюзивті спектакль-мюзиклі сахналанады
Аутизм спектрі бұзылысы бар балалар қатысқан мюзикл ұсынылады
Астана қаласындағы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында «Шуылдақ шыбын» инклюзивті спектакль-мюзиклі көрерменге жол тартады. Қойылым Астанада Болат Өтемұратов қорының демеушілік қолдауымен өтеді және Аутизм туралы дүниежүзілік ақпараттандырудың айына, сондай-ақ «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спектакль 4 сәуір күні сағат 14:00-де басталады. Қойылымның ұйымдастырушысы – «Мейірімділік» ерікті қоғамы қоры жанындағы «Аутизмді жеңеміз!» орталығы. Жоба аясында аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) бар балалар мен олардың ата-аналары біріктірілген. Мюзиклге барлығы 84 адам қатысады.
Жас әртістер үшін мұндай жобаларға қатысу – қарым-қатынас пен әлеуметтік дағдыларды дамытудағы маңызды кезең. Қойылымның декорациялары қолдан жасалған, костюмдер сахналық әрі сенсорлық ерекшеліктерді ескере отырып дайындалған. Ал спектакльдің көркемдік шешімі әр баланың жеке әлеуетін нәзік әрі үйлесімді ашуға бағытталған.
Жобаның басты мақсаты – аутизм туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және әр адам өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын инклюзивті ортаны қалыптастыру. Спектакльден кейін баспасөз аймағында қатысушылармен, ата-аналармен, режиссермен, орталық мамандарымен және ұйымдастырушылармен кездесу жоспарланған.
«Бұл спектакль – сахна туралы емес, жүріп өткен жол туралы. Жақында ғана қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас орната алмаған балалар бүгін көрермен алдына шығып, ән айтып, би билеп, рөлдерін шынайы жеткізуде. Біз үшін бұл жай ғана премьера емес – бұл жүйелі қолдау, махаббат пен сенімнің арқасында аутизмі бар балалардың өз әлеуетін аша алатынының айқын дәлелі», – дейді шара ұйымдастырушысы Аружан Сайын.
Бұған дейін спектакль Алматы қаласында аншлагпен өтіп, көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, өзінің эмоциялық әсерімен және инклюзивті мәдениетті дамытуға қосқан үлесімен ерекшеленді.
Астанадағы көрсетілім Болат Өтемұратов қорының, Астана қаласы әкімдігінің, қалалық Мәдениет басқармасының және Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының қолдауымен жүзеге асуда.
«Инклюзивті жобаларды қолдау – Болат Өтемұратов қорының жүйелі жұмысының маңызды бағыты. Біз осындай бастамаларды адам капиталын дамыту және тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыруға қосқан үлесіміз ретінде қарастырамыз. Астанадағы бұл спектакль – тек мәдени оқиға емес, сонымен қатар аутизм спектрі бұзылысы бар балалардың мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды қадам», – дейді Болат Өтемұратов қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.
«Аутизмді жеңеміз!» орталығы өз жұмысын Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен жүзеге асырады. Аталған қор 2013 жылдан бері «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының қызметіне қолдау көрсетіп келеді.
Айта кетейік, «Шуылдақ шыбын» инклюзивті спектакль-мюзиклі алғаш рет 2023 жылы Алматы қаласында «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоры жанындағы «Аутизмді жеңеміз!» орталығының тәрбиеленушілерімен қойылып, көрермендердің кең қолдауына ие болды. Жоба аутизмі бар балалардың коммуникациялық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған көпжылдық жұмыстың нәтижесін көрсетеді. 2026 жылы спектакль алғаш рет Астана қаласында ұсынылады. Қойылымға аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) бар 6 жастан 19 жасқа дейінгі 33 бала қатысады. Жалпы спектакльге 74 әртіс, оның ішінде балалардың ата-аналары да тартылған.