СҚО-да алаяқтар екі зейнеткердің 6 млн теңгесін «қағып» кете жаздаған

Мамандар дер кезінде көмектескен

СҚО-да алаяқтар екі зейнеткердің 6 млн теңгесін «қағып» кете жаздаған
Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында телефон алаяқтары екі зейнеткерді ірі көлемдегі қаражатынан айырмақ болды. Полицейлердің дер кезінде араласуының арқасында 6 млн теңгеге жуық ақша аман қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы жағдайда 75 жастағы әйел сауда орталығында «Анастасия есімді жиеніне» 1,5 млн теңге аудармақ болған. Оқиға орнында кезекшілікте жүрген полицейлер оның алаяқтардың құрбанына айналғанын түсіндіргенімен, зейнеткер бастапқыда оларға сенбеген. Тіпті полиция бөлімшесіне жеткізілген соң да, алаяқтардың ықпалынан шыға алмай, олармен байланысын үзбеген.

СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, бұл – алаяқтардың кең тараған тәсілі. Қылмыскерлер жәбірленушіні қоршаған ортадан оқшаулап, өздерін ғана сенімді адам ретінде көрсетеді.

Көп ұзамай сол банкоматқа тағы бір әйел келіп, 4,5 млн теңге аудармақ болған. Алайда күтпеген жағдай оның да әрекетін тоқтатты: телефон арқылы «ұлының» даусын естіген әйел бірден күмәнданып, ақшаны жібермей қалған. Кейін белгілі болғандай, оның ұлы бірнеше ай бұрын қайтыс болған.

Полиция мұндай алаяқтық схемаларында «қауіпсіз шот», «айна шот» сияқты жалған ұғымдар жиі қолданылатынын ескертеді. Егер бейтаныс адамдар ақшаңызды шұғыл басқа есепшотқа аударуды талап етсе немесе құпия сақтауды сұраса – бұл алаяқтықтың айқын белгісі.

Мамандар мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, жақындарыңызға немесе полицияға хабарласуға кеңес береді.