Жақында тұрмысқа шыққан Әбиба Әбужақынова сарбаздармен кездесті

Ол сарбаздарға кеңесін айтты

Жақында тұрмысқа шыққан Әбиба Әбужақынова сарбаздармен кездесті
Фото: polisia.kz

Танымал қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде болып, жеке құраммен тағылымды кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде дзюдодан халықаралық жарыстардың жүлдегері, IJF 3-дан иегері Әбиба Әбужақынова әскери қызметшілермен кездесті.

Аталған іс-шара сарбаздардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталды. Кездесу барысында спортшы өзінің жетістікке жету жолы, спорттағы табандылығы мен еңбекқорлығы туралы кеңінен әңгімелеп, жеке құрамға жігер берді. Ол табысқа жетудің басты қағидаттарына ерекше тоқталып өтті.

«Әрбір жетістік – үздіксіз еңбектің, темірдей тәртіптің және өз мақсатыңа деген сенімнің нәтижесі. Қай салада болмасын, адам өзіне жоғары талап қоя білсе, кез келген биікті бағындыра алады», - деді Әбиба Әбужақынова.

Сонымен қатар спортшы дзюдоның қыр-сырымен бөлісіп, әскери қызметшілердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу ашық әрі әсерлі форматта өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Алматы қаласының ұлтаралық және конфессиялық келісім орталығының өкілдері Болат Оспанов, Долкунтай Абдулхалил, Руслан Калиоллоаев, Даут Мохаммад, Манас Ташыбеков, Салтанат Лекерова, Бекарыс Әбділдабеков, сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес жөніндегі аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова қатысты.

Кездесу соңында әскери бөлім басшылығы атынан қонақтарға алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай тағылымды шаралар сарбаздардың рухын көтеріп, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға және салауатты өмір салтын ұстануға серпін беретіні атап өтілді.