«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде бір айда жүздеген заңсыз қоқыс орны жойылып, 1000-ға жуық аумақ тазартылды

Айман Сексенованың айтуынша, Ақтөбе қаласының санитарлық ахуалы айтарлықтай жақсарған 

«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде бір айда жүздеген заңсыз қоқыс орны жойылып, 1000-ға жуық аумақ тазартылды
Фото: Айман Сексенованың жеке мұрағатынан

Ақтөбе қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты, эко-консультант Айман Сексенова «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының өңірдегі іске асырылу барысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бағдарлама басталғалы бері шаһардың санитарлық ахуалында жүйелі өзгерістер байқала бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат бұрын тазалық шаралары науқандық сипатта болса, қазір көктем-күз айларындағы екі айлық сенбіліктер тұрақты форматқа көшіп, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны айтарлықтай қысқарғанын айтты.

«Қалада абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары күшейді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне қоғамдық бақылаудың артты. Ең басты нәтижеміз - тазалық бір реттік акция деңгейінен асып, жүйелі жұмысқа айнала бастады», - деп атап өтті Айман Сексенова.

Тұрғындардың белсенділігіне тоқталған сарапшы жобаға қатысу деңгейінің жоғарылағанын, алайда бұл көрсеткіштің әлі де біркелкі емес екенін айтты.

«Жастар, студенттер мен еріктілер эко-қозғалыстарға өте белсенді қатысып, мектептер мен жоғары оқу орындары ұйымдасқан түрде атсалысуда. Дегенмен, кейбір аудандарда халықтың қатысуы әлі де пассив деңгейде қалып отыр», - дейді ол.

Айман Сексенованың пікірінше, халықтың экологиялық санасы өскенімен, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Қазіргі таңда басты назар тұрғындардың күнделікті өмірдегі жауапкершілігін арттыру мен қоқысты сұрыптау дағдысын қалыптастыруға аударылып отыр.

Бүгінде Ақтөбеде құрылыс қалдықтарын реттеу және аулалардағы контейнерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуда. Осы орайда эко-консультант тазалықты әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыру үшін практикалық кеңестерін ұсынды.

«Тазалықты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін қарапайым әрі тиімді 5 кеңесті ұсынамын. Ең алдымен, әрбір азамат қоқыс тастамауды базалық қағидаға айналдыруы тиіс. Екіншіден, пластик, қағаз және органикалық қалдықтарды бөлек жинап, сұрыптауды күнделікті әдетке айналдыру қажет. Үшіншіден, тек жаппай сенбіліктерді күтпей, өз ауламыздың тазалығына тұрақты түрде көңіл бөлу маңызды. Төртіншіден, балаларға құр сөзбен емес, нақты іспен үлгі көрсетуіміз керек, өйткені экологиялық мәдениет осылай қалыптасады. Соңғысы, азаматтық ұстаным танытып, заңсыз қоқыс үйінділеріне бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлап отыру қажет», - деп сөзін түйіндеді депутат.

Ақтөбе облысында наурыз айында «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша екі айлық жұмыстар басталды. Науқанның алғашқы нәтижелері бойынша, өңірде 446 заңсыз қоқыс полигоны жойылып, 945 аумақ толықтай тазартылды. Ауқымды экологиялық шараға 15 мыңнан астам тұрғын атсалысып, жұмысқа 254 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға барлығы 673 мың 550 тонна қоқыс шығарылды.