Алименттен жалтарғандарға жаза: Абай облысында екі тұрғын сотталды
Баласын асыраудан бас тартқандарға 1 жыл шектеу жазасы берілді
Абай облысында алимент төлеуден қасақана жалтарған екі тұрғын сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Бородулиха ауданы прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтару деректері анықталып, 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Бірінші жағдайда борышкер екі баласына алимент төлеуден әдейі бас тартып, жұмысқа орналасудан жалтарған. Нәтижесінде оның қарызы 1,7 млн теңгеден асқан.
Екінші жағдайда тағы бір тұрғын 2 баласына 700 мың теңгеден астам берешегі бола тұра, жұмысқа орналасқаны туралы жеке сот орындаушысына хабарламаған.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен екі азамат та ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот процестері көрсетілімді форматта өтіп, оған 12 алимент борышкері мен өндіріп алушылар қатысқан.