Бүгін ауа райы күрт құбылады: 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Елдің басым бөлігінде көктайғақ, бұршақ пен дауыл күтіледі

Бүгін ауа райы күрт құбылады: 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның 13 өңірінде 2 сәуірге дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында тұман, көктайғақ, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.

Атырау облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында тұман түседі. Атырау қаласында да тәуліктің кей уақыттарында көріну деңгейі төмендейді. Түркістан облысының таулы аймақтарында найзағай ойнап, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Сонымен қатар өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысында түнде батысында, күндіз солтүстік, оңтүстік және орталық бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Ақтөбе қаласында да күндіз жауын-шашын мен жел күшеюі күтіледі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай болжанса, түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-шығысында шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Өңірдің орталық бөлігінде өрт қаупі жоғары.

Маңғыстау облысының бірқатар аумағында тұман түседі. Батыс Қазақстан облысында найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Орал қаласында да түнде ауа райы күрт бұзылады.

Қостанай мен Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай және Шығыс Қазақстан өңірлерінде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Кей жерлерде жел күшейеді.

Қызылорда облысында найзағаймен қатар шаңды дауыл болжанып отыр. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Өңірдің шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында тұман мен көктайғақ күтіледі. Петропавл қаласында жол қозғалысы қиындауы мүмкін. Ақмола облысының солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде де тұман түседі, Көкшетауда көріну деңгейі төмендейді.

Синоптиктер қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді, жолда және ашық кеңістікте қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді.