«Ең азы 5 сұраққа дұрыс жауап беру керек»: енді шенеуніктер жұмысқа онлайн қабылданады
Мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу екі кезеңнен тұрады
Қазақстанда 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау енді толықтай онлайн форматта өтеді. Конкурсқа қатысу үшін өтініш eqyzmet.gov.kz порталы арқылы қабылданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу екі кезеңнен тұрады. Яғни заңнаманы білуге арналған және жеке қасиеттерін бағалау тесттері. Сынақ 55 сұрақты қамтып отыр. Агенттік хабарлағандай, тестілеуден өту үшін кемінде 30 дұрыс жауап жинау қажет. Үміткер әр заң бойынша ең аз дегенде 5 сұраққа дұрыс жауап беруі тиіс.
Жеке қасиеттерді бағалау үш бағыт бойынша жүргізіледі: басшылық, басшылық емес және тәжірибе талап етілмейтін төменгі лауазымдар.
Тест нәтижелері бір жылға дейін жарамды. Оны айына үш ретке дейін тапсыруға болады. Конкурсқа ең жоғары нәтиже көрсеткен бес кандидат өтеді. Барлық құжат онлайн түрде тапсырылады.
Іріктеу кезеңдері лауазым түріне қарай өзгереді: басшылық қызметтерге үміткерлер эссе жазып, онлайн сұхбаттан өтсе, ал басқа лауазымдарға практикалық тапсырмалар қарастырылған.
Жаңа жүйе конкурс өткізу мерзімін де қысқартты. Енді іріктеу 5-7 жұмыс күні ішінде аяқталады (бұрын 23-30 күн болған).