Нұрай Серікбайды өлтірген күдіктіге қосымша тәуелсіз сараптама қажет – Әбенов
Ол өзге елден сарапшы тарту керек дейді
Бүгін Нұрай Серікбайды өлтірген күдікті неліктен психиатриялық ауруханаға жатқызылғанының себебі белгілі болды. Полиция бұл ақпаратты растап, мәлімдеме жасады. Алайда, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл жағдай бойынша қосымша тәуелсіз сараптама жүргізу керек деп есептейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маған Нұрайдың ағасы осыдан жиырма күн бұрын келіп, өз күдігін жеткізді. Қазір тексерулер жүріп жатыр, бірақ оларға қатысты әлі де күмән бар. Осы уақытқа дейін ешкім ауырмағанымен, жаңағыдай сараптама жүргізілген деп ойлаймын», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов.
Ол сондай-ақ құжаттар мен ұсыныстар Бас прокуратураға және Әділет министрлігіне жолданғанын атап өтті.
«Енді нәтижесін күтеміз. Менің ойымша, сараптама жүргізген мекемелер өз жауапкершілігін толық түсінуі керек», – деді депутат.
Депутат сонымен бірге тәуелсіз қосымша сараптамаларды жүргізу қажеттігін айтты.
«Егер дәлелденсе және қосымша сараптама растаса, амал жоқ. Бірақ менің ойымша, біз тәуелсіз сараптамашыларды, мүмкін шетелден – Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан немесе басқа елдерден шақырып, тексеруіміз керек», – деді Мұрат Әбенов.