Автожолға тәуелділік қашан азаяды: депутат электр пойыздарын көбейтуді ұсынды

Астана агломерациясында мәселе шешілмей келеді

Автожолға тәуелділік қашан азаяды: депутат электр пойыздарын көбейтуді ұсынды
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Астана қаласы мен оған іргелес Ақмола өңіріндегі қысқы кезеңдегі автожолдардың жай-күйі мен қозғалыс қауіпсіздігі мәселесі, жыл сайын өзектілігін жоғалтпай отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Мәжілістегі депутаттық сауалында 2025-2026 жылдардағы қысқы маусым елорда маңындағы көлік логистикасы мен азамттардың жүріс-тұрысы табиғи факторларға тым тәуелді екенін көрсетті дейді.

«Ашық мәліметтерге сүйенсек, өткен қысқы кезеңде Ақмола облысы бойынша қолайсыз ауа райы туралы 130-дан астам ескерту жарияланып, Астанадан шығатын жолдардың 50-ден астам жабылғаны туралы мәліметтер келген. Бұл шектеулердің артында тек қолайсыздық қана емес, нақты қаржылық шығындар тұр. Салдарынан мыңдаған жолаушылар мен жүргізушілер жол бойындағы елді мекендерде қалуға мәжбүрлейді. Қалада үйі болмай, қала сыртынан қатынайтын, табысы онсыз да шектеулі азаматтар қосымша шығындауда. Онымен қоса жыл сайын қолайсыз ауа райының салдарынан адам шығындары да өсіп келеді», – деді Ергешбаев.

Оның айтуынша, әрбір жол жабылғанда мемлекеттік органдар да күшейтілген жұмыс режиміне көшеді.

«Биылғы маусымда жолдардан 1300-ден астам адамды эвакуациялау үшін арнайы техника, авиация және жеке құрам жұмылдырылды. Азаматтарды құтқаруға, оларды уақытша орналастыруға және техниканы пайдалануға жұмсалатын бюджет қаражаты жылдан жылға өсіп жатыр.Астана агломерациясын дамыту аясында қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін теміржол қатынасы – ең  қауіпсіз және арзан көлік түрі. Мемлекет басшысы агломерацияларды дамыту бойынша бірнеше мәрте тапсырма берді. Нәтижесінде Парламент 2023 жылы «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылдады. Осы құжат негізінде Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді», – дейді ол.

Мұрат Ергешбаев кешенді жоспарда Астана қаласы мен Ақмола облысының іргелес елді мекендерін интеграциялау арқылы халықтың өмір сүру деңгейін теңестіру, көлік қолжетімділігін арттыру және елорда мен қала маңындағы ауылдар арасындағы логистиканы жақсарту көзделген дейді.

«Алайда заңнамалық тұрғыдан барлық мәселе шешімін тапса да, біз теміржолдың мүмкіндігін әлі де тиімді пайдалана алмай отырмыз. Астана агломерациясында төрт бағыт бойынша қатынайтын электр пойыздары бар. Олар: Астана – Бурабай, Астана – Ерейментау, Астана – Қарағанды және Астана – Атбасар. Алайда, бұл бағыттардағы электр пойыздары қатынасының сапасы мен кестесі тұрғындардың мұқтаждығын өтемейді. Мысалы: пойыздардың жұмыс кестесінің күнделікті қатынайтын азаматтар мен студенттердің жұмыс және оқу уақытына сәйкес келмеуі, рейстердің аздығы, таңғы және кешкі рейстер арасында күндізгі рейстердің болмауы, бекеттердің қолайсыз орналасуы сияқты», – дейді депутат.

2012 жылы Жапонияда адами құндылықтардың пайдадан маңызды екенін көрсететін оқиға болды.

«Жапония теміржол компаниясы қашықтығына байланысты тиімсіз станцияны жабуды жоспарлаған. Алайда, станцияны жергілікті мектеп оқушысы үшін оқуға барудың жалғыз жолы екенін ескеріп, басшылық оны жабуды үш жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Теміржол басшылығының бұл әрекеті, өз қызметінде тек пайда табу емес, адамдарға қызмет жасау екенін көрсетті», – дейді Мұрат Ергешбаев.