Өңірлік әлеуетті дамыту орталығы: Мәжіліс жаңа құжатты мақұлдады
Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері орталықта ортақтаспақ
Мәжіліс Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолияға арналған әлеуетті дамыту орталығы жөніндегі меморандумды ратификациялады. Құжатқа 2024 жылы Вашингтон қаласында қол қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Меморандум Алматы қаласында орналасқан өңірлік орталықтың жұмысын реттейді. Айта кетейік, орталық қызметін онлайн форматта 2021 жылғы 1 ақпанда бастаған. Ал ресми ашылуы 2023 жылдың маусымында өтті.
Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік қызметкерлері үшін білім алмасу алаңы құрылады. Негізгі бағыттар: макроэкономика, ақша-несие саясаты, бюджет саясаты, қаржылық реттеу және макроэкономикалық статистика, мамандардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мүмкіндігі кеңейеді.
Бұл бастама Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рөлін күшейтіп, Алматыны өңірлік білім және ынтымақтастық орталығы ретінде дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Меморандум ратификацияланғанымен, оның нақты нәтижелері мен тиімділігі орталықтың практикалық жұмысына байланысты бағаланады.