«Магистралдың үстінде отырып, неге қымбат төлейміз?»: Ұлытаудағы газ бағасы Мәжілісте көтерілді
Өңірдегі өзекті мәселе – табиғи газ бағасының жоғары болуы
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Ұлытау облысындағы газ бағасы мен өңірлік инфрақұрылым мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, осы жылдың ақпанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлік даму мәселесі айрықша көтерілген.
«Президент 2030 жылға дейінгі аймақтарды дамыту тұжырымдамасының басты мақсаты – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайту екенін нақты атап өтті. Осы ретте Ұлытау облысындағы инфрақұрылым тапшылығы бөлек айтылып, өңір мәселесі мемлекет басшысының тікелей бақылауында екені көрсетілді», – деді депутат.
Оның айтуынша, өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – табиғи газ бағасының жоғары болуы.
«Алайда инфрақұрылыммен қамту деңгейінің төмендігімен қатар, өңір халқының тұрмыс сапасына тікелей әсер етіп отырған тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – табиғи газ бағасының жоғары болуы. Бұл туралы өңірдегі тұрғындармен кездесулерде және менің атыма келген көптеген хатта халық алаңдаушылық білдіріп отыр», – деді ол.
Депутат сөз арасында табиғи газды жеткізу жүйесіне де тоқталып өтті.
«Бүгінде облысқа жеткізілетін табиғи газ «Сарыарқа» магистралды газ құбыры арқылы тасымалданады. Аталған құбыр Қызылорда өңірінен бастау алып, Қарағанды мен Астана бағытына тартылады және Жезқазған аумағының үстінен транзит ретінде өтеді», – деді депутат.
Оның сөзінше, логистика тұрғысынан ең жақын өңір Жезқазған болғанымен, тариф саясаты бұл жағдайға сәйкес келмейді.
Қашықтық параметрлерін салыстырмалы түрде төмендегідей:
- Қызылорда – Жезқазған шамамен 420 км;
- Қызылорда – Қарағанды шамамен 1000 км;
- Қызылорда – Астана шамамен 1300 км.
Депутат ресми тарифтер арасындағы айырмашылықты атап өтті. Ресми бекітілген бөлшек бағалар мынандай:
- Ұлытау (Жезқазған) және Қарағанды облыстарында – бір текше метр газ 49,41 теңге;
- Астана қаласында – 44,5 теңге;
- Қызылорда облысында – 24,9 теңге.
«Газ өндіру көзіне жақын орналасқан Жезқазғанда тариф ең жоғары болып тұр. Бұл – экономикалық қисынға да, өңірлік әділет қағидатына да сай келмейтін жағдай. Егер тасымалдау шығындары негізгі фактор болса, онда 400 км жерде отырған өңірдің тарифі 1000-1300 км қашықтықтағы қалалармен бірдей тіпті қымбат болуы түсініксіз», – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе тұрғындардың наразылығын туғызып отыр.
«Бүгінде бұл мәселе Ұлытау тұрғындарының ашық наразылығын туғызып отыр. Халық өңірлер арасындағы тариф айырмасын көріп отыр, салыстырып отыр және әділ түрде «Магистралдың үстінде отырып, неге ең қымбат газ тұтынамыз?» деп сұрақ қойып отыр», – деді ол.
Депутаттың пайымдауынша, газ бағасы әділ деңгейде белгіленуі тиіс.
«Тариф қалыптастырудағы әлеуметтік әділет қағидатын ескере отырып, біздің пайымдауымызша, Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысында табиғи газдың шекті бағасы 1 текше метр үшін 35 теңгеден аспауға тиіс. Бұл – өңірдің географиялық орналасуына да, транзиттік мәртебесіне де, әлеуметтік жағдайына да сай келетін әділ деңгей», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады.
- Ұлытау облысы бойынша газ тарифін қалыптастыру негіздемесін қайта қарау және газ тасымалдаушы мекеменің облыстық өкілдігін ашу;
- Магистралды тасымалдау шығындарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтау;
- Газ бағасын 35 теңгеден асырмау тетіктерін қарастыру.