Бақтияр Жазықпаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйесінде 12 жыл еңбек еткен Бақтияр Жазықпаев вице-министр қызметіне тағайындалды

Бақтияр Жазықпаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды
Фото: ҚР Үкіметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында деректер талдауы мен цифрландыру бағытында тәжірибесі бар маман жоғары лауазымға көтерілді. Бақтияр Жазықпаев вице-министр қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бақтияр Жазықпаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Жаңа вице-министр 1988 жылы Астанада дүниеге келген. Жоғары білімін Шымкент университетінде алған. Еңбек жолын 2007 жылы ҚР Статистика агенттігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК-да маман ретінде бастап, алғашқы кезеңде деректермен жұмыс істеу бағытында тәжірибе жинақтаған.

2010–2014 жылдары жекеменшік секторда қызмет атқарған. Ал 2014 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйесінде түрлі лауазымдарды иеленіп, бөлім басшысынан басқарма басшысына дейінгі қызметтік сатылардан өткен.

2018–2023 жылдары «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-да Деректерді талдау және өңдеу департаментін басқарды. Кейін осы орталықта Стратегия және ірі деректерді талдау департаментінің директоры, одан соң басқарушы директор қызметтерін атқарды.

2025 жылғы ақпаннан бастап осы уақытқа дейін аталған орталықтың вице-президенті болған. Енді ол еңбек және әлеуметтік саясатты іске асыруға жауапты вице-министр ретінде қызметін жалғастырады.