Оқу ақысы шарықтамайды: шәкіртақыны қайта өсіру қаралуда

Үкімет оқу ақысының негізсіз қымбаттауына жол бермейді

Оқу ақысы шарықтамайды: шәкіртақыны қайта өсіру қаралуда
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда оқу ақысының күрт өсуіне шектеу сақталады, ал студенттердің шәкіртақысын қайта арттыру мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

31 наурызда өткен Үкімет брифингінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, соңғы 5 жылда шәкіртақылар кезең-кезеңімен жыл сайын 20–25%-ға өсіп, жалпы көлемі шамамен 100%-ға ұлғайған. 2025 жылы бұл өсім кезеңі аяқталған. Қазір Үкімет жаңа 5 жылдық бағдарламаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Министрдің айтуынша, ең жоғары өсім докторанттарға тиесілі болған. Бүгінде PhD докторанттарының ай сайынғы шәкіртақысы шамамен 254 мың теңгеге жеткен. Сондай-ақ педагогикалық бағыттағы студенттерге берілетін төлемдер де айтарлықтай ұлғайтылған. Ал базалық шәкіртақы мөлшері (қосымша үстемақыларды есептемегенде) шамамен 55 мың теңгені құрайды.

Шәкіртақыны қосымша 10% өсіру мәселесіне келсек, министр бұл бағытта нақты шешім әлі қабылданбағанын жеткізді. Қазіргі таңда жаңа өсім кезеңін бастау тетіктері ғана пысықталып жатыр.

Сонымен қатар Үкімет оқу ақысының негізсіз қымбаттауына жол бермейтін ұстанымын сақтап отыр. Министрдің мәліметінше, мемлекеттік университеттерде баға мемлекет тарапынан реттеледі. Жоғары оқу орындарына тек инфляция деңгейіне сай шамамен 10% көлемінде ғана түзету жасауға рұқсат етіледі, жекелеген жағдайда бұл көрсеткіш 10–15%-дан аспайды.

Биыл да осы саясат жалғасады. Министрлік барлық жоғары оқу орындарымен келіссөз жүргізіп, оқу ақысының шектен тыс өсуіне тосқауыл қоюды көздеп отыр.