Шымкентте дәріхана жанындағы кабинеттерде 4 адам қайтыс болды
Тексерістерден соң 12 кабинет жабылып, ондаған заңбұзушылық анықталды
Шымкентте дәріханалар жанындағы процедуралық кабинеттерде болған қайғылы жағдайлардан кейін ауқымды тексеріс жүргізіліп, бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Otyrar ақпарынша, өткен жылы қаладағы әртүрлі дәріханалардың құрамында жұмыс істейтін процедуралық кабинеттерде 4 адам көз жұмған. Мамандардың дерегінше, азаматтар өздерін жайсыз сезінген соң аталған орындарға жүгінген, алайда жасалған медициналық манипуляциялардан кейін жағдайлары күрт нашарлап, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл жағдайлардан кейін департамент құқық қорғау органдарымен бірлесіп 13 жоспардан тыс тексеріс жүргізген.
Тексеру нәтижесінде 12 процедуралық кабинет қызметін тоқтатты, сондай-ақ 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұзушылықтарға байланысты материалдар құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.
Сонымен қатар дәріханаларда 25 психотроптық препаратты заңсыз сату фактісі анықталған. Бұдан бөлек, тұрғындардың шағымдары негізінде 34 стоматологиялық мекеме тексеріліп, жалпы 331 әкімшілік хаттама рәсімделген. Айыппұлдардың жалпы көлемі 41 млн теңгеден асты.