Көкшетауда есірткі сатып жүргендер студенттердің көз алдында ұзақ жылға сотталды

Көкшетау және Петропавл қаласының тұрғындары психотроптық заттарды өткізу бойынша сотталған

Көкшетауда есірткі сатып жүргендер студенттердің көз алдында ұзақ жылға сотталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Көкшетау қаласында есірткі сатып жүргендер студенттердің көз алдында ұзақ жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көкшетау қаласының прокуратурасы жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен α-PVP психотроптық затының заңсыз айналымытуралы іс бойынша сот отырысының тікелей онлайн-трансляциясын ұйымдастырды.

Сотта анықталғандай, айыпталушылар алдын ала сөз байласып, психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, оны өткізу мақсатында сақтаған.

Сот үкімімен бір сотталушы 7 жылға, екіншісі 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сот отырысына жастар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында онлайн және офлайн форматта 470 студент қатысты.

Қала прокуратурасы ескертеді: есірткі заттарының заңсыз айналымы қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады және жастардың болашағын біржола бұзуы мүмкін.