Алматыда салынып жатқан үш қабатты ғимараттан өрт шықты
Оқиға орнында жедел штаб құрылды
Алматының Алатау ауданындағы Солтүстік айналма жолының бойында салынып жатқан үш қабатты әкімшілік ғимараттан өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тілсіз жаумен күресіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде салынып жатқан нысанның шатыры жанып жатқаны анықталды. Құтқарушылар санаулы минуттар ішінде ғимарат төбесіне көтеріліп, су ұңғымасын іске қосты.
«Өрт ошақтарын анықтау үшін өрт сөндіру автосатылары қолданылуда. Ол арқылы да су шашылып жатыр. Қазіргі уақытта от қарқыны төмендеді, өрттің аумағы нақтылануда», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Өртті сөндіру жұмыстарына Алматы қалалық ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов тікелей жетекшілік етуде. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, 2 учаске жұмыс істеп жатыр.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 60-тан астам адам мен 20-ға жуық техника жұмылдырылды.
Құтқару қызметінің эвакуаторлары өрт сөндіру көліктеріне кедергі келтірген тұрақтағы көліктерді шетке шығарды. Полиция департаментінің қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 16:05-тегі мәліметі бойынша, өрт оқшауланды. Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түскен жоқ.