ШҚО-да полицейлер марокколық саяхатшының велосипедін жөндеп берді
Бұл ақау оның дүниежүзілік саяхатын тоқтатуы мүмкін еді
Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қиын жағдайда қалған шетелдік саяхатшыға көмектескен. Велосипедпен әлемді шарлап жүрген Марокко азаматының сапары Самар ауданында тоқтап қала жаздаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марокколық саяхатшы Адиль Бумлик Қазақстан арқылы өтетін велошеруін Өскеменнен бастап, Самар ауданына бет алған. Алайда Өмеш асуында оның көлігі сынып, жолда қалған. Бұл ақау оның дүниежүзілік саяхатын тоқтатуы мүмкін еді.
Көмекке бірінші болып жергілікті полиция қызметкерлері жеткен. Олар тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, іске білек сыбана кіріскен.
«Тәртіп сақшылары саяхатшының велосипедін жөндеп берді. Соның арқасында саяхатшы келесі күні-ақ сапарын ары қарай жалғастыру мүмкіндігіне ие болды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Қазіргі уақытта Адиль Бумлик Катонқарағай және Алтай аудандарына қарай бет алды. Шетелдік қонақ Қазақстанның табиғатын тамашалауға бір айға жуық уақыт жұмсамақ.