«Туыстары қорқып отыр»: депутат Алматыдағы жол апатына байланысты тың мәлімет жариялады
Депутаттың айтуынша, тергеу дұрыс жүргізілмей келген
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мұрат Әбенов Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы резонансты жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, жол апатына себеп болған жүргізушінің туыстары немесе күзетшілері қаза тапқандардың жақындарымен келіссөз жүргізбек болған.
«Олардың айтуы бойынша, тергеу өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Көп ақпарат жасырулы дейді. Біздің мекенжайымызды қайдан алғанын білмейміз, жүргізушінің туыстары немесе күзетшілері келіп, келіссөз жүргізгісі келді. Қорқып тұрмыз дейді. Тергеу дұрыс жүрмей жатыр дейді. Естігеніміз бойынша, олардың қасында полиция қызметкерлері болған.
Маған блогер Әділетхан (ред. – Молдахан Әділетхан) көп ақпарат берді. Сол ақпараттардың арасында видеосы да бар. Автокөліктеріне жалған нөмірлер тағып алған. Тіпті Үкіметке қатысты нөмірлермен де жүрген. Ал полиция қызметкері автокөлігімен жүргізушінің қасында жүргені туралы видеоны көрсетті. Дәл осындай адамдар полицияның орынбасары болып отырса, тергеу қалай жүреді? Неліктен бірден қамауға алынған жоқ? Не себепті 4-5 күн қанын тексерді?» – дейді Мұрат Әбенов.
Ол өз сөзінде жүргізушілер тарапынан нөмірсіз жүру белең алып кеткен. Ал олар уақытылы ұсталмай жүргені де түсініксіз.
«3 күнде 5 мың адам ұсталды. 5 мың адам нөмірсіз (ред. – автокөліктің мемлекеттік нөмірі) жүр. Тек қана рейд жасағанның арқасында. Осы адамдар осыған дейін неліктен бұрын ұсталмай жүрген? Жалған нөмірмен жүр немесе жүргізуші куәлігі жоқ.
Кеше министр (ред. – ІІМ басшысы Ержан Сәденов бәрін өзі тексеріп, көз жеткізген соң, бірнеше қызметкерін орнынан алып тастады. Енді қатаң талап қойып, тергеуді күшейтіп жатыр. Осыдан кейін барып тергеу әділ болады дегенге сенеміз», – дейді депутат.