$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2019, 16:03
Жаңалықтар

Солтүстікте ата-аналар мектеп директорлығына аудан әкімінің туысын өткізбегені рас па?

Бәйтерек ауылындағы мектеп жаңа оқу жылының басынан бері басшысыз жұмыс істеп жатыр 

Солтүстікте ата-аналар мектеп директорлығына аудан әкімінің туысын өткізбегені рас па?

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Бәйтерек ауылындағы мектеп жаңа оқу жылының басынан бері басшысыз жұмыс істеп келеді. Жуырда бос орынға байқау жарияланып, қамқоршылық кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы директорлықтан үміткер үш адамның бірін таңдаған. Алайда, жаңа басшы қызметіне кірісіп үлгерместен, байқау нәтижесінің күші жойылды. Әлеуметтік желілерде аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың бұл іске тікелей қатысы барлығы туралы мәлімет тарады. «Үміткерлердің бірі –  шенеуніктің туысы өтпей қалғандықтан, әкім отырыс хаттамасын өзгерткізіп тастаған», – деп жазды желі қолданушылары. Мәселенің мән-жайын Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрген еді.

Бәйтерек ауылындағы үш жүз орындық мектепте негізінен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шеттен көшіп келген ағайындардың балалары білім алады. Бұрынғы директор тамыз айында қызметінен кеткен, содан бері аудандық білім бөлімі бос орынға байқау жарияламай келген. Білім ошағы басшысыз бір тоқсанды тамамдап, екіншісіне аяқ басар тұста ғана шенеуніктер ұйқыларынан оянған сияқты. Қызылжар ауданы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Алма Нұрғалиева байқау туралы хабарландыру беруге газет бетінде орын болмағанын айтып ақталды. Бұл шындыққа қаншалықты жанасатынын біле алмадық.

«Сасқан үйрек артымен сүңгитіні» сияқты, жұмыс уақыты аяқталып, ұжым үйлеріне қайтар тұста жоғарыдан қамқоршылық кеңесін жинау туралы бұйрық түседі. Бос орынға 3 үміткер құжат тапсырған екен. Дауыс беру еш кедергісіз өтеді. Алайда, арада 3-4 күн өткен соң әлеуметтік желілерде қамқоршылық кеңесінің хаттамасы өзгертілгені туралы ақпарат жарқ етті. «Қызылжар ауданының әкімі Бәйтерек орта мектебіне мемлекеттік тілді білмейтін, білім беру саласында тәжірибесі жоқ адамды директор етіп тағайындағысы келеді, себебі ол – аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың туысы» деген ақпарат тарады.

Дауыс беру нәтижесінің күші жойылғаны шындық болып шықты. Бірақ дауыс беру нәтижесі  ғана емес, қамқоршылық кеңесінің өзі заңсыз құрылды деп таратылып жіберілген.

«Тексеріс барысында Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылдың 24 шілдесіндегі №355 бұйрығы сақталмағаны анықталды. Атап айтар болсақ, талап бойынша қамқоршылық кеңесі мүшелерінің саны тоғыздан кем болмауы керек. Шын мәнінде шешім шығаруға сегіз адам ғана қатысқан. Хаттамада бірнеше адамның қолы қойылмаған. Комиссия мүшелері ата-аналар қауымына түсінік беріп, мектеп директорының міндетін атқарушы мен аудандық білім бөліміне олқылықты жою жөнінде нұсқау берді. Тиісті талаптардың сақталмауына байланысты Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылдық мектебінің директоры бос орнына өткізілген байқау өткізілмеген болып танылды», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.

Алайда облыстық білім басқармасы мен Қызылжар аудандық әкімдігінің берген мәліметтері бір-біріне сәйкес келмейді. Біріншісі дауыс беруге 8 адам қатысқан десе, екіншісінің ақпаратында 9 деп көрсетілген.

«Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің қарауына 3 кандидаттың есімі мен олар жайында мәлімет берілді. Екеуінің педагогикалық, директорлық тәжірибесі бар екен. Бәйтерек мектебінде физика пәнінің мұғалімі жоқ. Осыны ескеріп, мен өз даусымды физика  маманына бердім. Үшінші үміткердің мұғалімдік өтілі болмады. Бір жылдай қала мектептерінің бірінде директор қызметін атқарған екен. Сондықтан мен оның кандидатурасын құптамадым. Нәтижесінде Шәмшихан Шәймерденов жеңді. Отырыс өткеннен кейін бірер күннен соң мектепке комиссия келіп, бізді тағы шақыртты. Түрлі сұрақтар қойды. Комиссия мүшелері дауыс беру нәтжесінің күші жойылғандығын айтты. Себебі тиісті құжаттар дұрыс толтырылмаған көрінеді», – дейді Бәйтерек мектебі қамқоршылық кеңесінің мүшесі Зураш Мұсайынқызы.

Дауыс беру нәтижесінің күші жойылғанынан мектептің жаңа басшысы болуы тиіс Шәмшихан Шәймерденов бейхабар болып шықты. Мән-жайды сұрастырып хабарласқанымызда ол байқаудың келесі кезеңіне дайындалып жүргенін, аудандық білім бөлімі тарапынан қамқоршылық кеңесі шешімінің күші жойылғандығы жайында ешқандай ақпарат түспегенін айтып абдырап қалды.

Қызылжар аудандық білім бөлімі де бірнеше айдан бері басшысыз жұмыс істеп келеді. Оның міндетін аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары атқарып жүр.

«Болған жайтты Шәймерденовке хабарлап үлгермедік. Ал байқауға қатысушылардың бірі –  Базарбаева әкімнің туысы деген ақпарат жалған. Ол бұған дейін Қызылжар аудандық білім бөлімін басқарды. Міндетін орындай алмай жұмыстан кетті. Осыдан бірер ай бұрын Бескөл ауылындағы мектеп-лицей директорының бос орнына байқау жарияланған болатын. Ол соған да қатысып, өте алмады. Егер әкімнің туысы болса, сонда өтер еді ғой. Менің ойымша, Бәйтерек орта мектебінің директоры бос орнына құжат тапсырып үлгермей қалғандар бар. Қайтадан байқау жариялануы үшін біреулер осындай шу тудырып жүрген болуы керек», – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.

Ата-аналар мектеп директорлығына өткізбей қойған үміткердің аудан әкімі Жанат Сәдуақасовпен туыстық дәрежесін нақтылау мүмкін болмады. Себебі, әкім кабинетіне келіп тұрған журналистің алдына шығып, бұл айтылғандарды жоққа шығаруға жарамады. Тіпті телефонының да тұтқасын көтермей қойды.

Осылайша, Бәйтерек орта мектебі екінші тоқсанды да басшысыз өткізетін түрі бар. Себебі қамқоршылық кеңесі қайтадан құрылады. Одан кейін директордың қызметіне жаңа байқау жарияланады. Бұл жолы газет бетінен хабарландыру беруге орын табылып қалар деген үміттеміз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары