Тараз әкімдігі жаңажылдық безендіруге бюджеттен 15 млн теңге бөлінгенін растады
31 қазан күні «Azattyq Rýhy» порталы «Тараз әкімдігі қараша келмей жатып Жаңа жылға дайындықты бастап кетті» деген тақырыппен материал жарияланған болатын. Онда Тараз әкімдігі жаңажылдық шыршаға деп бюджеттен 15 млн теңге бөліп отырғаны жазылған еді
Осы материалға байланысты қала әкімдігі түсінік беріп, конкурстың «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес жүргізіліп отырғанын айтты. Сондай-ақ жаңа жыл мерекесіне қарсы облыс орталығын безендіру мақсатында бюджеттен 15 млн теңге бөлініп отырғанын растады және 2018 жылы да жаңажылдық безендіруге 15 млн бөлінгенін айтты.
«ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Тапсырыс беруші» ретінде және Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі «Ұйыдастырушы» ретінде жаңа жыл мерекесіне қарсы облыс орталығын безендіру мақсатында «Эстетикалық безендіру қызметтер көрсету» лот бойынша 2019 жылдың 21 қазан күні ашық конкурс жариялады. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлінген қаражат сомасы 15,0 млн тенгені құрайды (2018 жылы жаңажылдық безендіруге 15,0 млн теңге бөлінген болатын). Қаланы жаңа жылға безендіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік мерекесінен кейін, яғни 2019 жылдың 18 желтоқсаннан кейін басталады. Осы лот бойынша Тараз қаласының орталық алаңы, көшелері, саябақтары, скверлері, аллеялары безендірілетін болады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік ашық конкурстың не себепті ерте жарияланғанын да түсіндірді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес конкурстың өткізілетін процедуралары кемінде 42 күнге дейін созылатындығын ескеретін болсақ, бұл жағдайда 2019 жылдың 3 желтоқсанына дейін, қазан айынан кейін жарияланған конкурс нәтижесінің болмайтындығы анық», - дейді.