Павлодар-Құлынды тасжолында жүргізуші полициядан қашамын деп көлігінен айырылды
Ол таңғы уақытта полициядан қашып құтылмақ болған
Павлодар облысындағы тасжолдардың бірінде кезекті патрульдеу жүргізу барысында жүргізушінің жауапсыз әрекеті салдарынан жағдай қайғылы аяқталуға шақ қалды. Бақылау камералары мен инспекторлардың радарлары жылдамдықтың айтарлықтай асырылғанын тіркеген, алайда заңды тоқтау талабына жүргізуші керісінше «газды басып», қашуға тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Таңғы сағат 5 шамасында Павлодар-Құлынды автожолында, Кеменгер ауылы маңында патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai Sonata көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырғанын анықтады. Жүргізуші жарқылдақ шамдар мен дыбыстық белгілерді елемей, қауіпті маневрлер жасап, басқа жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндіріп, қашуға әрекет етті. Экипаждардың үйлесімді әрекетінің арқасында көлік тоқтатылып, бұғатталды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Жүргізушіге қатысты бірқатар әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттамалар толтырылды: жылдамдықты асыру, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару.
Сот қаулысымен құқық бұзушы 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Көлік құралы тәркіленіп, мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Есте ұстаған жөн, патрульдік полициядан қашу әрекеті жағдайды тек ушықтырады. Қазіргі бейнебақылау жүйелері мен экипаждар арасындағы жедел байланыс жауапкершіліктен құтылуды іс жүзінде мүмкін емес етеді. Облыс жолдарындағы қауіпсіздік бақылауы күшейтілді», – деп атап өтті полиция ведомствосы.