Маңғыстау облысының әкімдігі жанында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып қалды
Жол-көлік оқиғасы 25 наурыз күні болды
Ақтауда автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушылар зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Апат 25 наурыз күні Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратының қарсы бетінде болған.
Полицияның мәліметінше, Audi Q7 автокөлігінің жүргізушісі солға бұрылу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, қарсы бағытта келе жатқан көлікке жол бермеген. Соның салдарынан YUTONG маркалы автобуспен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде автобус жолаушылары жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, тексерістен кейін үйлеріне жіберілді.
«Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады», – деп хабарлады ведомство.