Мемлекет басшылары Қазақстан Президентін Наурыз мерекесімен құттықтады

Ресей президенті жеделхатында екі ел арасындағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары деп бағалаған.

Мемлекет басшылары Қазақстан Президентін Наурыз мерекесімен құттықтады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Ресей президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін атап өткен.

«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатына ие. Бұл байланыстар қос халықтың игілігі үшін және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесіне сай алдағы уақытта дәйекті түрде дами түсетініне кәміл сенемін», – делінген жеделхатта.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысы мен қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың деніне саулық, еңбегіне табыс тіледі.

«Былтыр сізбен екі мәрте кездестік. Біз екіжақты қарым-қатынас пен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты әрі мәңгі стратегиялық серіктестіктің жаңа даму кезеңіне жедел қадам бастық. Мен өзара саяси сенімді тереңдетуге, сан қырлы ықпалдастықты нығайтуға және тағдыры ортақ Қытай-Қазақстан қоғамдастығын одан әрі дамытуға әрі іске асыруға Сізбен бірге күш жұмылдыруға әзірмін», – деп жазды Қытай көшбасшысы.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ерте заманнан келе жатқан мереке екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етіп, өзбек-қазақ халықтарының тұрмыс-тіршілігіндегі айтулы күн деп санайды.

«Жоғары деңгейдегі диалогты жандандырудың және бірлескен күш-жігердің арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген стратегиялық қарым-қатынас пен одақтастық жоғары сапалы деңгейге көтерілді. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевтың аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.

«Біздің озық мәдениетіміз бен игі дәстүрлерімізді ұлықтайтын осынау көктем мерекесі халықтарымыздың достығын бекемдеп, құт-береке әкелсін», – деп жазған Қырғыз президенті.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Мемлекет басшысы мен бауырлас Қазақстан халқына жылы лебізін жолдады.

«Көнеден келе жатқан мейрамның ізгі дәстүрлері Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтып, қос халықтың игілігі үшін жаңа мазмұнмен байи береді деп ойлаймын», – деді Тәжікстан басшысы.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Наурыз мерекесіне орай ақжарма тілегін жеткізді.

«Адамзаттың бай мәдени мұрасының ажырамас бір бөлігі саналатын, сондай-ақ ізгілікті насихаттайтын наурыз мерекесі халықтар арасындағы достық пен бірлікті күшейте түседі. Аталған айрықша мереке Сізге және халқыңызға бақыт, қуаныш пен табыс сыйласын», – деді Сердар Бердімұхамедов.

Мемлекет басшысын сонымен қатар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев құттықтады.