Мемлекетке ірі көлемде зиян келтірген қылмыстық жүйе қалай жұмыс істеген
Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға қатысты істі тергеліп болды
Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті несие жүйесіндегі лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға қатысты істі тергеп бітірді. Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірген қылмыстық жүйенің қалай жұмыс істегенін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілер кімдер?
Іс бойынша жоғары лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлер айыпталуда:
Ақмади Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы, бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі;
Дәулет Арғандықов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бұрынғы басшысы, экс-Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі;
Руслан Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» (БКБ) ЖШС бас директоры.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық әрекеттер 2020 жылы басталған. ЕРДО жеке тұлғалардың табысы туралы мәліметтердің жалғыз мемлекеттік операторы бола тұра, нарық қатысушыларына тең емес жағдай жасаған:
1. Бұрын табыстың 30% бюроға, 70% мемлекетке (ЕРДО) тиесілі болса, жаңа келісім бойынша БКБ үлесі 35% артып, мемлекеттің табысы 65% дейін азайған.
2. БКБ үшін сұраныстарды жылдам өңдейтін арнайы сервис енгізілсе, оның бәсекелесі — Мемлекеттік кредиттік бюроның жүйесіне жұмысты баяулататын зиянды бағдарлама орнатылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, бұл заңсыз әрекеттерден мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам шығын келген. Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында Арғандықов пен Омаров Сарбасовқа осы жүйені сақтап қалу үшін 75 мың АҚШ долларын пара ретінде беріп жатқан жерінде ұсталған.
Қазіргі жағдай
Күдіктілер ұсталды. Сот шешімімен олардың құны 1 миллиард теңгеден асатын мүлкі мен бағалы қағаздары бұғатталды.
Қылмыстық іс материалдары танысу үшін тараптарға берілді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 7-бабына сәйкес, соттың кінәні анықтайтын үкімі күшіне енгенше, кез келген адам кінәсіз деп саналады.