Президент: Жанашыр ұрпақ қана елдің көркеюіне мол үлес қоса алады

Тоқаев жастарға үндеу жасады

Президент: Жанашыр ұрпақ қана елдің көркеюіне мол үлес қоса алады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, жастарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазір Түркістан облысында 700 мыңға жуық жас азамат тұрады. Бұл – тұрғындардың үштен бірі деген сөз. Киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын болады деп сенімді түрде айтуға болады. Осы көп жас азаматтарымыз тұратын жерде тағы да мынадай сөзімді айтқым келеді: мен Президент ретінде еліміздің жастарына, олардың біліміне, қабілетіне, күш-қуатына зор үміт артамын», – деді президент.

Оның сөзінше, елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады.

«Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Бұл да ақиқат десек, орынды болар. Нағыз отаншыл азамат дегеніміз, бұл – ең алдымен өз жұмысын адал орындап, адал еңбек етіп жатқан адам. Адал еңбекпен келген табыс берекелі болады. Жалқау, еріншек адам ешқашан отаншыл азамат бола алмайды. Қоғамымызға жалаң ұран, бос әңгіме, құрғақ уәде, қызыл сөз керек емес, нақты іс қажет. Отаншылдық дегеніміз әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету», – деді ол.

Мемлекет басшысы еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс екенін айтты.

«Балабақшада, мектепте, университетте, ғылым институтында, медицинада, өндіріс мекемесінде, сауда және қызмет көрсету орындарында, тіпті, мемлекеттік қызмет пен әскери саланың өзін айтпағанда, барлық саладағы басты құндылық – адал еңбек, адал қызмет болуға тиіс. Осы мақсатпен өткен жылды бүкіл ел болып жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге, оларға құрмет көрсетуге арнадық. Бұл кезекті науқан емес, мемлекеттік идеологияның бір бөлігі, сондықтан осы жұмыспен үнемі айналысуымыз керек», – деді президент. 

Оның сөзінше, жұмыстың жаманы болмайды. Адал жұмыстан ұялудың ешқандай қажеті жоқ. Еңбектің бәрі қадірлі. Бұл даналықты жастардың бәрі жақсы түсінуі керек. 

«Еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Ілгерілеу, яғни, прогресс елімізге арнайы шақыру бойынша құрметті қонақ болып келмейді, құнды сыйлық ретінде берілмейді. Ілгерілеуге қол жеткізу үшін бүкіл қоғам бір ұжым болып табанды, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар ілгерілеу, өрлеу дегеніміз – жоғары технологиялар немесе ғылым саласындағы жетістіктер ғана емес, бұл – әрбір саладағы жаппай қажырлы еңбектің нәтижесі», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек екенін де баса айтты.

«Түбегейлі жаңғырған Ата заңымыздың преамбуласында айтылғандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өзіміздің қолымызда. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ. 

«Халқымыз тек қана алға қарай зор үмітпен қарап, ілгерілеу заманына сай өз болмысын өзгертіп, бейімдеп өмір сүруі керек.  Мұңды халық ешқашан бақытты, табысты болмайды. Бұл да – өмір заңы және ақиқат. Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз», – деді мемлекет басшысы.