Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасады

Сонымен қатар ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Баршаңызға белгілі, соңғы жылдары халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы. Көптеген елдерде қарулы қақтығыстар, тіпті, соғыстар болып жатыр. Бұл үдерістер әлем экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Оны біз Таяу Шығыстағы соғыстан көріп отырмыз. Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ақыры еш мемлекет өз пайдасына қол жеткізе алмайды. Қазақстан қақтығыс болып жатқан аймақтың бір бөлігі. Сондықтан осы қастерлі жерден барлық елдерге халықаралық қауымдастыққа Үндеу жасағым келеді», – деді президент. 

Оның сөзінше, ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. 

«Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым бұл – қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады.

Сондай-ақ президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.

«Осы күрделі ахуалға қарамастан, біз барлық сын-қатерді еңсеріп, алға қарай нық сеніммен қадам басып келе жатырмыз. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Ал оның жан басына шаққандағы үлесі алғаш рет 15 мың доллар болды. Бұл – ТМД елдерінің арасындағы рекордтық көрсеткіш. Алтын-валюта қорымыз 74 миллиард долларға жуықтады. Біз осындай жоғары деңгейге Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жетіп отырмыз», – деді ол. 

Президенттің сөзінше, Орталық Азия аймағына тартылған таза шетел инвестициясының 69 пайызы Қазақстанға тиесілі. Шағын және орта бизнестің ұлттық экономикадағы үлесі бүгінде – 40 пайыз. 

«Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетті. Біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық.  Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша жаһандық экономиканың дамуына үлес қосып отырған дүние жүзіндегі 25 мемлекеттің бірі атандық. Еліміздің ынтымақ-бірлігі мен халқымыздың табанды еңбегінің арқасында орасан зор табысқа қол жеткіздік. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды», – деді ол.