Тоқаев: Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды

Президент оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ екенін айтты

Тоқаев: Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ. Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр», – деді президент.

Оның сөзінше, жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды. 

«Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға қатысып, мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді.

«Референдумға жұртшылық өте белсенді қатысты, бұл да  қуанарлық жағдай. Осы сайлау науқаны ырысты ынтымағымызды паш етті. Бұл да өте маңызды үдеріс. Өйткені біз азаматтарымыздың отаншылдық рухын айқын сезіндік. Түркістан жұртшылығы әрдайым елдік істен сырт қалмай, жүргізіліп жатқан реформаларды жаппай қолдап келеді. Бұл жолы да сіздер ауызбіршіліктің озық үлгісін айқын көрсеттіңіздер», – деді ол.

Оның сөзінше, Түркістан референдумда Ата заңды қолдаған ең белсенді облыстардың қатарында тұр. Дауыс берген жұртшылықтың 92,21 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. 

«Баршаңызға рақмет! Киелі Түркістанда мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді президент.

Мемлекет басшысы Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын атап өтті.

«Өздеріңізге мәлім, мен осы аптаның басында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Бас құжаттың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді 1 шілдеден бастап Конституция өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін біз бәріміз біртұтас халық болып референдум өткізілген күні, яғни, 15 наурызда жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз, тойлаймыз. Жалпыхалықтық референдумда жастарымыздың белсенділігі, жаңашылдығы және жауапкершілігі айқын көрінді. Олар Отанына адал, ойы озық, жасампаз азаматтар ретінде өздерінің жарқын келешегіне қатысты таңдауын жасады», – деді ол. 

Оның сөзінше, Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді.