Тоқаев Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалады

Ол бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылданғанын еске алды

Тоқаев Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, облыстың даму қарқынын жоғары бағалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Мен өзім Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін», – деді ол. 

Президент бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылданғанын еске алды.

«Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын. Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды», – деді президент. 

Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған. 

«Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды. 

«70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді ол. 

Оның сөзінше, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі. 

«Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек», – деді мемлекет басшысы.