Ауыл шаруашылығында еңбек мигранттарына квотаны қайта қарау қажет – депутат
Депутат агросектордағы жұмыс күші тапшылығы мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек ресурстары мен еңбек миграциясына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ресурстары мәселесіне назар аударып, еңбек миграциясына байланысты квоталарды қайта қарау қажеттігін атап өткен.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ресурстары мәселесіне назар аударып, еңбек миграциясына байланысты квоталарды қайта қарау қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Ұлытау облысының Ұлытау ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері көтеріп отырған бірқатар жүйелі мәселені атап өткіміз келеді. Бірінші мәселе – ауыл шаруашылығы жұмысына шетелдік еңбек күшін тарту. Ұлытау ауданы аумақтық көлемі бойынша еліміздегі ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Соған қарамастан, аудан халқы өте сирек орналасқан, жалпы саны шамамен 11 мың адамды ғана құрайды. Осындай кең аумақта ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін еңбек ресурстарының жетіспеушілігі негізгі мәселелердің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықтар көршілес мемлекеттерден, атап айтқанда Өзбекстан мен Қырғызстаннан еңбек мигранттарын тарту тәжірибесін қолдануда. Бұл тәжірибе шаруашылықтардың өндірістік көлемін сақтауға және арттыруға оң әсерін тигізіп отыр», - дейді депутат.
Алайда, оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада бірқатар шектеу бар.
«Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы өз атына ең көбі 5 шетел азаматтарын ғана тіркей алады және олар тек тіркелген мекенжайда ғана жұмыс істеуге құқылы. Мысалы, еңбек мигранты ауылдағы тұрғын үй мекенжайына тіркелсе, шаруашылықтың егістік алқаптарында немесе жайылымдарында жұмыс істеуі заңнамалық тұрғыдан қиындық туғызады. Осындай жағдайдың салдарынан, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі сұранысы бойынша маусымдық жұмысшыларға арнап берілген 6 мың квотаның тек 3,5 мыңы игерілген», - деді ол.
Депутат сөз арасында халықаралық тәжірибеге де тоқталып өтті.
«Сонымен қатар халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдерде ауыл шаруашылығы саласына шетелдік жұмыс күшін тарту икемді тетіктер арқылы, яғни негізгі талап ретінде еңбек жағдайлары мен ең төменгі жалақы кепілдіктерін сақтау қарастырылады. Бұл тәжірибе ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді», – деді депутат.
Осыған байланысты Ерболат Сатыбалды Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.
- Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін шетел азаматтарын жеке шаруа қожалықтарының атына тіркеу мүмкіндігін қарастыру;
- Шаруа қожалықтарының жер көлемі мен өндірістік ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек мигранттарына арналған жеке квоталар белгілеу тетігін енгізу;
- Ауыл шаруашылығы саласында маусымдық жұмысшыларға қатысты шешімдердің кеш қабылдануы шаруалардың өндірістік жоспарына кері әсер ететінін ескере отырып, шетелдік жұмыс күшіне арналған квоталарды бекіту және нормативтік өзгерістерді аграрлық маусым басталғанға дейін кемінде бір жыл бұрын қабылдау жөнінде тұрақты тәртіп енгізу;
- Шетелдік жұмыс күшіне бөлінген квоталардың толық игерілмеуі квота жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты өңірлер арасындағы квоталарды жедел қайта бөлу және нақты сұранысқа негізделген икемді квота жүйесін енгізу жөнінде Үкіметтік деңгейде шешім қабылдау мәселесін қарастыру.