Паралимпиададағы жарқын сәт: Қазақстан медальдар кестесінде 18-орынға тұрақтады
Ербол Хамитов 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алып, ұлттық құрама қоржынына басты олжаны салды
2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде 18-орынға жайғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дүбірлі додада ел намысын қорғаған спортшылардың ішінен Ербол Хамитов ерекше көзге түсті. Ол пара биатлон мен пара шаңғы жарысында сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына 1 алтын және 1 қола медаль салды.
13 наурызда спортшы пара биатлоннан 4,5 шақырымдық із кесу жарысында (отырып жарысу санаты) топ жарып, чемпион атанды. Бұған дейін, 10 наурызда ол пара шаңғы жарысынан 1 500 метрге классикалық спринт бәсекесінде қола жүлдені иеленген болатын.
Қысқы Паралимпиада қорытындысында медальдар кестесінде Қытай құрамасы көш бастады. Олар 44 медаль жеңіп алды (15 алтын, 13 күміс, 16 қола). Екінші орынға АҚШ құрамасы (13 алтын, 5 күміс, 6 қола) тұрақтаса, үшінші сатыға Ресей құрамасы (8 алтын, 1 күміс, 3 қола) жайғасты.
Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медальмен жалпы есепте 18-орынды иеленді. Жалпы бұл ойындарда 27 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.
Биылғы Паралимпиадада Қазақстан құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша сынға түсті. Халықаралық додада ел атынан 7 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев және Анна Грачева бар.