Алаяқтардың айласы қымбатқа түсті: БҚО тұрғындары 260 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған
Облыста 2 айда 105 интернет-алаяқтық тіркеліп, жүздеген күдікті есепшот бұғатталды
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының саны артқан. 2 ай ішінде тұрғындарға келтірілген шығын 260 млн теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО полиция департаментінің мәліметінше, қаңтар-ақпан айларында өңірде 105 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау мақсатында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне 280 құқыққа қарсы интернет-ресурсты енгізген.
Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген шығындарға байланысты 697 күдікті есепшот бұғатталған. Оның ішінде 2,5 млн теңге тоқтатылып, 1 млн теңге иелеріне қайтарылған. Қазіргі уақытта тағы 1,5 млн теңгені қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар облыста интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам адамды қамтыған профилактикалық шаралар өткізілді. Ал «eGov» порталы арқылы 8 мыңнан астам азамат өз еркімен несие алудан уақытша бас тарту қызметін пайдаланған.
Бұдан бөлек, 1 ақпан мен 30 сәуір аралығында өңірде республикалық «Anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Осы кезеңде 61 қылмыс ашылған. Оның 33-і бір тәулік ішінде әшкереленсе, 28-і бұрын жасалған қылмыстар санатына жатады. Оның ішінде 11 іс өткен жылдары тіркелген деректер бойынша анықталған.
Полиция дерегінше, өңірде тіркелген ең ірі шығын көлемі 16 млн теңгені құраған. Бұл жағдай инвестицияға байланысты жалған жарнама арқылы жасалған алаяқтық схемасымен байланысты болған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері жалған телефон қоңыраулары, мессенджерлер арқылы жасалатын алдау, фишингтік сілтемелер тарату және азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемдену. Осыған байланысты тұрғындарға күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сенбеу, жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу және күдік тудырған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады.