Павлодар облысында қар құрсауында тұрып қалған көлікте қарияның жағдайы күрт нашарлаған (ВИДЕО)
Сол сияқты 6 жасар қыз бала да ауруханаға шұғыл жеткізілді
Павлодар облысында қар құрсауында тұрып қалған көлікте қарияның жағдайы күрт нашарлағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ТЖМ мәліметінше, Екібастұз қаласы маңында орын алған коллоннадағы автокөліктердің бірінде 1948 жылы туған жолаушы өзін нашар сезініп, аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері қарт адамды эвакуациялап, оны Шідерті кентіндегі ТЖМ АМО трассалық медициналық-құтқару пунктіне жеткізді. Дәрігерлер ер адамға қажетті көмекті толық көлемде көрсетті.
«Сол күні құтқарушылар «103» бригадасына шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған 6 жастағы қыз баланы Екібастұздан Павлодарға тасымалдауға көмектесті. Жол санитарлық көлік үшін жабылғандықтан, тасымалдауға жоғары өтімді апаттық-құтқару көлігі тартылды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Құтқарушылар мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында кішкентай науқас уақтылы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлерге тапсырылды.