Салмағы 650 грамм болып туған: Шымкент дәрігерлері оның көзіне ота жасап, аман алып қалды
Қыз бала 2024 жылдың 30 қарашасында жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген
Шымкент қаласында №2 қалалық аурухананың дәрігерлері салмағы өте аз болып туған нәрестеге бірегей офтальмологиялық операция жасады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Vera.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қыз бала 2024 жылдың 30 қарашасында жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген. Туған кездегі салмағы небәрі 650 грамм болған. Нәресте бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тәулік бойы бақылауында болған.
Баланы күтіп-бағу барысында оған шала туған нәрестелердің ретинопатиясы диагнозы қойылған. Бұл дер кезінде емделмесе, толық соқырлыққа әкелуі мүмкін қауіпті дерт. Дәрігерлер салмағы өте аз болғандықтан ерекше дәлдікті талап ететін күрделі микрохирургиялық операция жасаған.
Қазір сәбидің туғанына 102 күн болды. Оның салмағы 2400 грамға жетіп, жағдайы тұрақталған, дамуында оң өзгерістер байқалады. Анасы мен қызы ауруханадан үйіне шығарылған. Енді бала мамандардың бақылауында болады.
Жыл басынан бері аталған аурухананың дәрігерлері ретинопатия диагнозы қойылған шала туған тағы төрт сәбиге сәтті операция жасаған.