«Жалған ақпараттар әдейі таратылады»: ІІМ референдумға байланысты үндеу жасады
ІІМ осы күні көрінеу жалған ақпарат тарату – заң бұзушылық екенін мәлімдеді
Ішкі істер министрлігі 15 наурыз күні жаңа Конституция бойынша өтетін референдумға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті қазақстандықтар! 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында барша азаматқа үндеу жасаймыз. Мұндай маңызды кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттар мен әдейі таратылатын арандату хабарламалары жиі кездесіп жатады. Олардың мақсаты – қоғамды адастыру және жағдайды тұрақсыздандыру.
Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Қысқа уақытта шындыққа ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын жалған материалдар таралуы мүмкін. Еске саламыз: көрінеу жалған ақпарат тарату – заң бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған», – делінген үндеу мәтінінде.
Ведомство азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырады.
«Күмәнді хабарламаларды көрсеңіздер, оны әрі қарай жібермеңіздер. Жалған ақпарат көбіне дәл осылай таралады. Ішкі істер министрлігі референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеді. Жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, ден қойылып, заң аясында қатаң қаралады. Сондықтан тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер», – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.