«Ұлт мүддесін ең биік деңгейде қорғайды»: Тоқаев депутаттарды тиімді жұмыс істеуге шақырды
Еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады
Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында депутаттар сапалы әрі тиімді жұмыс істеу керек екеніне назар аударды , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түптеп келгенде, депутат болу – ел адамы болу деген сөз. Бұл – мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар нағыз депутат деген атқа лайық, осындай азаматтар міндетті түрде халықтың сенімі мен құрметіне ие болады
Депутат халықтың сеніміне сызат түсіретін әрекеттен аулақ болуы қажет. Өйткені мұндай әрекет бүкіл мемлекеттік аппараттың, тұтас билік жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді.Сіздер осы жауапкершілікті дұрыс түсініп, терең сезініп, қызметтеріңізді адал атқара бересіздер деп кәміл сенемін», – деді Тоқаев.
Яғни, президент атап өткендей, депутат болу – мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет.
«Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ. », - деді президент форумда.