БҚО-да кәсіпкер емхананы сотқа беріп, 800 мың теңгеге жуық қаражат өндіріп алды
Батыс Қазақстанда кәсіпкер мен поликлиника арасындағы азаматтық іс қаралды
Батыс Қазақстан облысының арнайы ауданаралық экономикалық соты «Таза Әлем» жеке кәсіпкерлігі мен №4 қалалық емхана арасындағы азаматтық істі қарады. Кәсіпкер медициналық мекемеден аударылуы тиіс табысты өндіріп алуын талап етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, 2025 жылғы 14 қаңтарда тараптар қауіпті емес қалдықтарды шығару жөнінде мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасаған. Келісімнің мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
Қаңтар айында жеткізуші жұмысқа кірісіп, емхана аумағында тұрмыстық қатты қалдықтар үшін контейнерлер орнатылып, қызмет көрсетіле бастады. Алайда кейін тапсырыс беруші контейнерлерді алып тастап, келісімді біржақты түрде бұзған.
2025 жылғы 17 сәуірде сот келісімді біржақты бұзу заңсыз деп таныды. Кейін келісім қалпына келтіріліп, қызмет көрсету қайта басталды.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 11 желтоқсандағы Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен 2025 жылғы қаңтардағы орындалған жұмыстар актісі заңды деп танылып, берешек өндірілді.
Жаңа талап-арызда кәсіпкер келісімнің заңсыз бұзылуына байланысты 2025 жылғы ақпаннан шілде айына дейін қызмет көрсете алмай, табыс ала алмағанын көрсеткен. Талап етілген сома – 795 мың теңге.
Сот кәсіпкердің талабын қанағаттандырды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.