Тоқаев елдің саяси құрылымы түбегейлі өзгеруі мүмкін екенін айтты
Бұл референдумда халық Конституция жобасын қолдаса жүзеге аспақ
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық деңгейде атқарушы органдардың сапасын арттыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тоқаевтың айтуынша, «азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Біз мүлдем жаңа конституциялық үлгіге немесе модельге көшеміз. Бұл қадам пропорционалдық және мажоритарлық жүйе арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді». Бұған қоса, президент атап өткендей, сайлау үдерісін барынша жүйелеп, сайлауға түсетін азаматтардың жауапкершілігін арттыра түседі. Осылайша, мәслихаттар Құрылтайға қажетті білікті мамандар даярлауға белсенді түрде атсалысады.
«Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ. Түптеп келгенде, депутат болу – ел адамы болу деген сөз. Бұл – мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар нағыз депутат деген атқа лайық, осындай азаматтар міндетті түрде халықтың сенімі мен құрметіне ие болады», - деді Тоқаев.
Президент кез келген депутат халықтың сеніміне сызат түсіретін әрекеттен аулақ болуы қажет екенін, өйткені мұндай әрекет бүкіл мемлекеттік аппараттың, тұтас билік жүйесінің беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
«Сіздер осы жауапкершілікті дұрыс түсініп, терең сезініп, қызметтеріңізді адал атқара бересіздер деп кәміл сенемін», - деді Тоқаев.