Атырау облысында карантин режимі жиі бұзылған
Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне қарамастан Атырау қаласының тұрғындары карантин режимін сақтамайды

Атырау облысында демалыс күндері карантин режимін бұзған 175 дерек анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне қарамастан Атырау қаласының тұрғындары карантин режимін жиі бұзған. 12-13 шілде аралығында жүргізілген рейд кезінде Атырау қаласында шектеу режимі бұзылған 81 дерек тіркелген.
Ал, Жылыой ауданында 37, Индер ауданында 4, Исатай ауданында 14, Қызылқоға ауданында 7, Құрманғазы ауданында 23, Махамбет ауданында 9 дерек анықталып отыр.
«Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің «үйге жеткізу» қызметі арқылы ғана жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен 9 мейрамхана мен дәмхана келушілерге жабық ғимарат ішінде қызмет көрсетуді жалғастырған. Сондай-ақ, 24 азық-түлік дүкенінің бекітілген жұмыс уақытынан тыс мезгілде саудамен айналысқаны белгілі болды. Бұған қоса топтанып жүрудің - 26, отбасылық шара өткізудің 1 дерегі тіркелді. Карантин талаптарын сақтамау Жылыой ауданында да көп кездесті. Бұл ауданда той, садақа түрінде 5 отбасылық шара өткен» делінген өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.
Сенбі, жексенбі күндері қозғалысқа толықтай тыйым салынғанына қарамастан, көшеде себепсіз жүрудің 30 дерегі тіркелген.
Карантин режимі Мақат ауданында бұзылмаған.