Алматыда демалыс күндері ұлттық саябақтарда серуендеуге тыйым салынды
14 шілдеден бастап демалыс күндері ұлттық саябақтардың аумағына кіруге болмайды. Бірақ жұмыс күндері жаяу және велосипедпен серуендеуге рұқсат етіледі.

14 шілдеден бастап демалыс күндері ұлттық саябақтар аумағында қыдыруға тыйым салынады деп хабарлайды Tengrinews.kz
Мұндай шара қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты және коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында жасалып отыр.
«14 шілдеден қатаң карантин режимі аяқталғанға дейін ұлттық парктер мен туристік нысандарға (Медеу, Бутаковка, Алма-Арасан және т.б.) көліктің кез келген түрімен баруға тыйым салынады» деп хабарлайды қала әкімдігі.
Аталған аумақтарда жұмыс күндері жаяу немесе велосипедпен серуендеуге болады. Бірақ төмендегі ережелерді сақтау керек:
- тамақ өнімдерін (сусындардан басқа) алып жүруге, пикник жасауға және алау жағуға тыйым салынады;
- саябақ аумағында үш адамнан артық топпен жүруге болмайды;
- санитарлық және әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтау (маска тағу және адамдар арасындағы қашықтықты сақтау).
Демалыс күндері (сенбі және жексенбі) ұлттық парк аумағы келушілер үшін жабық.
«Карантин шараларының сақталуын бақылау жұмысын ТЖД, құқық қорғау органдары, СЭС және ұлттық парк қызметкерлері бірлесе жүзеге асырады. Жоғарыда көрсетілген талаптар сақталмаған жағдайда тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тұрғындарға карантин уақытында тауға бармауға кеңес береміз», - дейді қала әкімдігі.