Алексей Цой коронавирустан қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты
Ол бұл қайғылы жағдай еліміз үшін орны толмас қаза екенін атап өтті

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус кесірінен жақындарынан, туған-туыс, бауырларынан, әріптестерінен айырылған еліміздің барша тұрғындарына көңіл айтты. Ол COVID-19 жүздеген азаматтың өмірін қиғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, мәңгілікке көз жұмды. Олар күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келді, соңғы демдері қалғанша күресті. Бұл – қайғылы жағдай, біз үшін орны толмас қаза. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі нағыз батыр болып қалады», - деді А. Цой.
Ол пандемиямен күресте серпінді және тиімді шаралар қажет екенін атап өтті.
«Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін мен және менің әріптестерім тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Біз біргеміз, біз пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біз бұл қиындықты жұмыла отырып жеңе алатынымызға сенімдімін», – деді министр.