Алматыда ерекше баланы қинаған түзету орталығының қызметкері қамауға алынды
Полиция бейнебақылау камераларының видеосын алған
Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы түзету орталықтарының бірінің қызметкері тарапынан жасалған құқыққа қарсы әрекеттер фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, куәлар мен іске қатысы бар өзге де тұлғалардан жауап алынып жатыр», - деп хабарлады департамент.
Тергеу барысы Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеттеріне Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетін болады.
Еске салсақ, Алматы қаласындағы Әйтеке би көшесінде орналасқан «Феникс» орталығында диагнозы бар балаларды жүйелі түрде ұрып-соғады деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде адам сенгісіз азаптау сәттерінің видеосы тараған соң, бұл орталыққа баласын апарған ата-аналардың пікірі көбейді. Олар қызметкерді жазаға тартуды талап еткен.