17 өңірде ескерту: бүгін елдің басым бөлігінде қар, көктайғақ пен шаңды дауыл күтіледі
«Қазгидромет» синоптиктері елдің басым бөлігінде тұман, бұрқасын және 15-20 м/с жел болатынын болжады
3 наурызда Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар өңірде қалың қар, көктайғақ, тұман, жаяу бұрқасын және екпіні 15-20 м/с-қа дейін жететін жел күтіледі. Кей аймақтарда шаңды дауыл болжанып отыр.
Алматы облысының таулы аудандарында түнде қалың қар жауады. Облыстың оңтүстігі мен тау бөктерінде, таулы аймақтарда тұман түсіп, жолдар көктайғаққа айналуы ықтимал. Солтүстік-шығыс пен шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады. Алматы қаласында 3 наурызда тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Қонаевта түнде және таңертең тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында тұман болжанып отыр. Атырау облысының батысында көктайғақ, ал батысы, оңтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Күндіз өңірдің солтүстігі, оңтүстігі және шығысында шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с. Атырау қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз кей уақытта шаңды дауыл тұрады, жел 15-18 м/с-қа дейін күшейеді.
Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с. Қарағанды қаласында да қар мен бұрқасын болжанған.
Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде түнде көктайғақ, бірқатар аумақта тұман болады. Ақтауда түнде және таңертең тұман түседі. Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында көктайғақ пен тұман күтіледі.
Астанада 3 наурызда түнде және күндіз аздап қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Желдің түнгі екпіні 15-18 м/с.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді, кей жерлерде тұман түседі. Жамбыл облысының таулы аудандарында қар жауып, кей уақытта қалың қар, тұман және көктайғақ болуы ықтимал. Желдің екпіні 15-20 м/с. Таразда да тұман мен көктайғақ күтіледі.
Ақтөбе облысының солтүстігінде көктайғақ болады. Күндіз жел 15-18 м/с-қа дейін күшейеді. Түркістан облысының таулы аймақтарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және тұман болжанған. Шымкентте түннің бірінші жартысында жауын-шашын түсіп, тұман болады. Түркістан қаласында да түнде және таңертең тұман күтіледі.
Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар жауып, бұрқасын жүреді. Желдің екпіні 15-20 м/с. Өскемен мен Семейде де қарлы, бұрқасын күн райы сақталады.
Қостанай облысында түнде қар, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және тұман күтіледі. Жел 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қостанай қаласында күндіз көктайғақ, түнде және таңертең тұман болады.
Батыс Қазақстан облысында көктайғақ пен тұман болжанған. Оралда 3 наурызда күндіз көктайғақ, тұман күтіледі. Ақмола облысында аздап қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді, кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с.
Жетісу облысының бірқатар аумағында тұман мен көктайғақ күтіледі. Облыстың шығысы мен таулы аймақтарында жел 15-20 м/с, Алакөл көлдері ауданында 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Талдықорғанда түнде және таңертең тұман түседі.
Синоптиктер жолға шыққанда сақ болуға, алыс сапарды шектеуге және ауа райы болжамын қадағалап отыруға кеңес береді.