$ 502.6  589.95  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан СІМ Ирандағы қантөгіске байланысты көңіл айтып, тараптарды сабырға шақырды

ҚР СІМ халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға үндеді

Қазақстан СІМ Ирандағы қантөгіске байланысты көңіл айтып, тараптарды сабырға шақырды
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Иранда болған қайғылы оқиғаларға байланысты ресми мәлімдеме жасап, Иран халқына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 2 наурызда ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, ведомство атынан ресми өкіл Ерлан Жетібаев мәлімдеме жасады.

"Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді".

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәліметінше, қарулы қақтығыстар жағдайында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау – азаматтық нысандар мен бейбіт халықты қорғаудың негізгі кепілі.

"Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді. Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды. Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз".

Министрлік мәлімдемесінде Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарына адалдығы және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу ұстанымы өзгеріссіз екені ерекше атап өтілді.