$ 502.6  589.95  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер белгілі болды

Наурыз бен сәуірдегі жауын-шашын нормадан асады, 34 елді мекен ықтимал қауіп аймағына енгізілді

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер белгілі болды
Фото: Ақорда

Елде көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қазгидромет» РМК ұсынған жаңартылған болжамдар қаралып, тәуекелі жоғары өңірлер нақтыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, наурыз жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болжанып отыр. Сәуір айында да жылылық сақталады. Батыс аймақтарда, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы, тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын көлемі нормадан артуы мүмкін.

Жаңартылған деректерге сәйкес, су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы енгізілді. Орташа тәуекел аймағында Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстары бар. Қауіп деңгейі төмен өңірлер ретінде Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары аталды.

Tasqyn ақпараттық жүйесіндегі модельдеу нәтижесіне сәйкес, «Қазгидромет» РМК, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Talsim-NG жүйесінің деректері негізінде 34 елді мекен ықтимал қауіп аймағына енгізілді. Оның ішінде 8 елді мекен – Ақмола облысында, 8 – Солтүстік Қазақстан облысында, 13 – Батыс Қазақстан облысында, 2 – Қарағанды облысында, 2 – Ақтөбе облысында және 1 елді мекен – Абай облысында.

Tasqyn жүйесіне 98 гидрологиялық бекеттен қысқа және ұзақ мерзімді болжамдар түседі. Talsim-NG есептеулері бойынша 72 виртуалды гидробекет арқылы су шығынының болжамы жасалған. Модельдеу Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендерінің бассейндерінде жүргізіліп жатыр.

Қанат Бозымбаев автомобиль және теміржол өткелдерінің су өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жұмыстар туралы есептерді тыңдады. Қазіргі уақытта 582 су өткізу құбыры салынған, автожолдарды қайта жаңғырту барысында 63 көпір тұрғызылған. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 5 апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілген.

Вице-премьерге су тасқыны қаупі бар өңірлерге жасалған іссапарлар қорытындысы және азаматтық қорғау күштерінің дайындығы туралы да баяндалды. Төтенше жағдайларды жоюға 39 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қарамағында 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы бар.

1 наурыздан бастап Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Гидрологиялық жағдай мен қауіп аймақтарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Үкімет отырысында елдегі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі және Көлік министрлігі баяндама жасады.