Таяу Шығыстағы дағдарыс: Қазақстан жүздеген жолаушыны елге қайтаруға дайындалып жатыр
Жедел штаб отырысында баламалы әуе бағыттары, тоқтатылған рейстер жолаушыларына қолдау және эвакуациялық шаралар қаралды
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінде жедел штаб отырысы өтіп, азаматтарды елге қайтару тетіктері пысықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Азаматтық авиация комитеті, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК өкілдері, сондай-ақ Air Astana, FlyArystan, SCAT, Vietjet Қазақстан және Qazaq Air әуе компанияларының басшылығы қатысты.
Отырыс барысында өңірдегі қазіргі жағдай, тоқтатылған рейстердің жолаушыларына қолдау көрсету шаралары және баламалы әрі қауіпсіз әуе бағыттары арқылы азаматтарды Қазақстанға жеткізу жоспарлары талқыланды.
Қазіргі таңда Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Иордания, Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Ирак және Ливан елдерінің әуе кеңістігінде шектеулер бар немесе тұрақсыз жағдай сақталуда. Осыған байланысты 28 ақпанда 14 рейс, 1 наурызға жоспарланған 12 рейс тоқтатылды. Ал 2 наурызға Таяу Шығыс бағытынан 13 рейс жоспарланған.
Министрлік ұшулар шектеумен орындалып жатқан елдер бойынша мониторинг жүргізіп, ондағы жолаушылар саны мен олардың ішінде Қазақстан азаматтарының жағдайын қарастырды. Отандық әуе компанияларымен бірлесіп, азаматтарды елге қайтарудың баламалы және қауіпсіз бағыттары айқындалуда.
Әуе кеңістігі ашылған жағдайда әуе компаниялары қосымша әуе кемелерін ұсынып, кері рейстерді орындауға дайын екенін мәлімдеді. Жедел штаб тұрақты негізде жағдайды бақылап, мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізіп отыр.
Жолаушыларға жедел ақпарат пен көмек көрсету үшін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ базасында тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық іске қосылды:
- +7 7172 77 98 21
- +7 7172 79 82 13
- +7 7172 79 82 14
Рейстердің мәртебесі туралы ақпаратты жолаушылар тиісті әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми байланыс нөмірлері арқылы нақтылай алады:
Air Astana
+7 727 244 44 77
+7 7172 58 44 77
+7 702 702 44 77
FlyArystan
+7 727 331 10 10
WhatsApp: +7 702 702 02 27
SCAT Airlines
+7 7252 99 88 80
Qazaq Air
+7 727 356 14 14
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай
+7 7172 702 999
Алматы халықаралық әуежайы
+7 727 228 00 19