Шетелдегі қазақстандық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті, қақтығыс аймағындағы азаматтарды эвакуациялау бағыттары пысықталуда
Таяу Шығыс елдеріндегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен және шет мемлекеттердің билік құрылымдарымен тәулік бойы өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Қақтығыс аймағында және транзиттік аймақтарда жүрген отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Азаматтардың тізімдері өзектендіріліп, жедел ақпарат алмасу үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрылған. Онда елдегі жағдай туралы мәліметтер мен тиісті ұсыныстар берілуде.
ҚР СІМ-де және шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде шұғыл байланыс желілері ашылды. Қақтығыс аймағында жүрген қазақстандықтардың нақты саны анықталу үстінде. Ведомство транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың нақты санын атау қиын екенін атап өтті.
Дипломатиялық өкілдіктер туристік компаниялармен бірлесе отырып, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселесінде қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, қазақстандықтарды қауіпті аймақтардан шығару бағыттары пысықталып жатыр. Қосымша түсіндірмелер министрліктің және шетелдегі мекемелердің ресми ресурстарында, сондай-ақ Kaspi Travel қосымшасы арқылы жарияланбақ.
СІМ азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын қатаң сақтауға, қауіпті аймақтардан аулақ болуға және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген. Жаңа мәліметтер түскен жағдайда ресми ақпарат жедел түрде жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Иран аумағында ауқымды әскери операцияның басталғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әскери соққылардың салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы, бас қолбасшы Әли Хаменей көз жұмуы мүмкін. Бірақ ресми Тегеран бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Кенеттен басталған әскери шабуыл салдарынан Таяу Шығыстан тыныштық кетіп, қаншама турист еліне жете алмай дүрлігуде.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерін жариялады.